ҚАРАҒАНДЫДА: 4°C
  • USD 448.15
  • EUR 483.46
  • RUB 4.86
Нашар көретіндер үшін
Карта
Мекенжайы Ғабиден Мұстафин көшесі,6/4
Телефон
Байланыс телефоны +7 (7212) 78-04-09 +7 (7212) 78-10-86

Мақалалар

«ThingLink бағдарламасының мүмкіндіктері» Ф.Е. Боранғазының мақаласы

24 Қаңтар 2020 13:07

Қазіргі таңда қоғамға біртіндеп енгізіле бастаған латын графикасын әр түрлі сала қызметкерлері меңгере бастады. Уақыт ағымымен қоса барлығы техникаға негізделіп бара жатқаны белгілі. Соның нәтижесінде әдістер жаңаланып, көптеген бағдарламалар мен қосымшалардың түрлері шығып жатыр.

Білім беру кеңістігінде әдіскерлердің ұсынған көптеген  әдістер бар. Айта кетсек, «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының мамандары шығарған жаңа әліпбиді меңгеруге арналған «Qazlatyn», «Sozdikqor.kz», «Zerek bala», «Jasyryn sóz», «Sózdi tap» және т.б. қосымшалары көп адамның қызығушылығын тудырып үлгерді. Адам ақпараттың 90%-ын визуалды түрде қабылдаса, 9%-ын аудиалды түрде, қалған 1%-ын қолмен ұстау арқылы есте сақтайды екен. Қосымшалардың өзектілігін осы жағдаймен байланыстыруға болады. Сондай-ақ қазіргі уақытта интерактивті онлайн-плакаттар жиі қолданыла бастады. Оның ерекшелігі:

  • Анимация және басқа графикалық ақпаратты пайдалану арқылы оқыту;
  • Білім алушының оқу үдерісіне тартылуын 10%-ға арттырады;
  • Оқу уақытын 50%-ға азайтады.

Ақпараттық технологияның бір түрі ретінде тіл үйрету үдерісінде ThingLink бағдарламасы да ұтымды қолданылады. ThingLink – қарапайым суреттерді интерактивті нысандарға айналдыратын интерактивті бейнені жасауға арналған қызмет. Ол мультимедиялық плакаттарды, ал басқаша айтқанда, маркерлер салынатын "Сөйлейтін суреттер" жасауға мүмкіндік береді.

Сіз бағдарламаға http://www.thinglink.com сайтына кіріп, Facebook, Twitter және Google+ әлеуметтік желілері арқылы немесе пошта арқылы тіркеле аласыз. Онлайн тақтаңызға тақырып бойынша фон таңдап аласыз.  

Әрбір нысан үшін суреттегі сілтеме таңбасының түрін өзгертуге болады.

Сөйтіп  әрбір объект үшін суретте веб-бетке, презентацияға, бейне және аудио және т. б. сілтемелерді таңдап, орнатуға болады. Суретті жасау аяқталған соң, «Save» батырмасын басып, жұмысыңызды сақтайсыз. Сілтемеңіз арқылы тікелей интернеттегі сайтқа кіре аласыз.  Ол үшін сізге тек жақсы интернет жүйесі керек. Сондай-ақ, жасаған жұмыстарыңызды кез келген уақытта өңдеуге болады. Онлайн тақта күнделікті сабақ беруден бастап, ашық сабақ өткізгенде, жұмысты таныстыру кезінде өте тиімді болып табылады. Бұл сервис оффлайн режимін қолдамайды, яғни компьютерге жүктеу мүмкіндігі жоқ. Ең бастысы – бағдарламадағы барлық жұмыстар аккаунтыңызда сақталып тұра береді. Сіздің аккаунтыңыз арқылы басқа да әріптестеріңіз жұмыстарыңызды қолдана алады.

Ұлы педагог Ушинский: «Мұғалім білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, іздеуді тоқтатса, мұғалімдігі де жойылады» деп айтқандай, ақпараттық ортада жұмыс жасау үшін кез келген оқытушы өз ойын жүйелі түрде жеткізе алатындай, коммуникативті және ақпараттық мәдениеті дамыған, интерактивтік тақтаны пайдалана алатын, онлайн режимінде жұмыс жасау әдістерін меңгерген мұғалім болуы тиіс. Сол кезде берген сабағыңыз да қызықты өтері сөзсіз. Кез келген оқытушы үшін нәтижеге жету көрсеткіші тыңдаушының білімді болуы ғана емес, білімді өздігінен алуы және алған білімдерін қажетіне қолдану болып табылады.

 

Қарағанды облысының тілдерді дамыту
жөніндегі басқармасының жанындағы
Ресурстық тіл орталығының
оқытушысы Ф.Е. Боранғазы










Артқа қайту