ҚАРАҒАНДЫДА: 20°C
  • USD 446.49
  • EUR 475.38
  • RUB 4.79
Нашар көретіндер үшін
Карта
Мекенжайы Ғабиден Мұстафин көшесі,6/4
Телефон
Байланыс телефоны +7 (7212) 78-04-09 +7 (7212) 78-10-86

Мақалалар

"Жаңа әліпби жобасының ерекшелігі" Ж.Жақанова

17 Наурыз 2021 10:13

Жаңа әліпби жобасының ерекшелігі

   

2019 жылдың қазанында Президент тарапынан Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобына әліпбиді әлі де жетілдіре түсу керектігі туралы тапсырма беріліп, нәтжесінде өткен жылдың 9 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен кеңес өткізіліп, кеңесте әліпби жобасы ұсынылғаны белгілі. Кеңес соңында Президент жобаны мақұлдап, латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиіне көшудің орындылығын ғалымдарды, сарапшыларды, қоғам қайраткерлерін, зиялы қауым өкілдерін қатыстыра отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарын іске асыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын.

Берілген тапсырма бойынша Қарағанды облысында латын графикасы негізіндегі жетілдірілген әліпбидің емле ережелерінің жобаларын түсіндіруге бағытталған кешенді медиажоспар әзірленіп, облыс әкімі орынбасары А.Нүкеновтің қолымен бекітілді. Жоспар негізінде Қарағанды облысының 18 аудан-қаласында, білім мекемелерінде, облыс әкімдігіне қарасты басқармаларда  жаңа нұсқамен таныстыру шарасы белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Жалпы жетілдірілген әліпби нұсқасы қалай әзірленді? Осы орайда  ғалымдардың еуропалық тілдердегі, сонымен қатар туыстас түркі халықтары тілдеріндегі әліпби жасаудың бай тәжірибесіне сүйенгенін айта кету керек. Бұған дейін жазуын латын графикасына көшірген түркі халықтарында жаңа жазуды қалыптастыру үдерісі қалай жүргізілгені арнайы зерттелді. Әліпби нұсқасы бауырлас халықта қандай ұстанымға сәйкес таңдалды, әліпби құрамындағы әріптерді таңдаудың негізі неде – осының бәрі Орфографиялық жұмыс тобының назарында болды.

Әліпбидің жаңа нұсқасындағы өзгерістерге аз-кем тоқталсақ, ең алдымен, дауысты және дауысты дыбыстарды белгілеу үшін нақты диакретикалық белгілер таңдап алынған. Атап айтқанда, жіңішке Ә, Ө, Ү дауыстылары умлаут белгісімен (Ә – Ä, Ө – Ö, Ү – Ü), жуан Ұ дауыстысы макрон белгісімен (Ū) таңбаланған. Ал дауыссыздарға келсек, Ғ дыбысы бревис диакритикасы арқылы (Ğ), Ң дыбысын халықаралық фонетикалық әліпбиде бар  Ŋ таңбасымен беру ұсынылған.

Әліпбиден «ч» әрпі алынып тасталып, тіл жанашырлары негізсіздігін айтып, көбірек сөз еткен Ш дыбысы бір ғана таңбамен берілген (Ş). 

Й, И дыбыстарының бір ғана таңбамен белгіленетіні бұрыннан белгілі болса, осы жолы дауысты І дыбысы мен дауыссыз Й дыбысын беретін таңбалардың орны ауыстырылған, яғни, І – І, Й – İ түрінде таңбаланған.  Сондай-ақ У дыбысын базалық латын әліпбиіндегі U таңбасымен беру ұсынылған екен әрі кирилдегі Ұ-Ү-У әріптерінің сырт пішініндегі ұқсастық басты ұстаным ретінде жаңа нұсқаны белгілеуде де сақталған. Ū-Ü-U үштігінің жазылуы мен оқылуы алдағы уақытта қиындық тудыра қоймасы анық.

Орфографиялық жұмыс тобының мүшелері ұсынып отырған тағы бір жаңалық С,W,X таңбаларына байланысты. Бұл таңбалар әліпбидің негізгі құрамына енгізілмейді, тек қосымша ретінде берілген.

Жинақтап айтқанда, Президент мақұлдаған әліпби жобасындағы негізгі өзгерістер осындай, алайда бұның әлі жоба ретінде таныстырылып жатқанын,  әлі Жарлықпен бекітілмегенін ескертеміз. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, ағылшын әліпбиімен жаңа нұсқадағы 21 әріп сәйкес келсе, түрік әліпбиімен 23 әріп таңбасы сәйкес келеді екен. Бұдан шығатын қорытынды сол – дәл осы жоба бектілген күнде де оқып, жазуда айтарлықтай қиындық тумасы анық.

 

Ж.Жақанова,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі

 










Артқа қайту